Күн өткен сайын ел экономикасы қарқындап, алдыңғы қатарлы дамыған елдермен теңесіп келеміз. Ал, мемлекеттің болашақ тізгінін ұстайтын жастарға беріліп жатқан білім деңгейі қандай дәрежеде? Заманауи кезеңде білімді ұрпақ қана заман көшіне ілесе алары сөзсіз. Жастарымыздың бойында алған білімін өмірде пайдалану дағдысы қалыптасқан ба? Әлде дүниежүзілік стандартқа сәйкес өзгеріс керек пе? Ол өзгерісті қалай, кімнен бастаймыз? Әрине, мұндай сұрақтар кез келген педагогтың көкейінде тұрған шығар деп ойлаймын.
Бүгінгі таңда еліміздің көшбасшылық саясаты – біздің білім мазмұнын түбегейлі өзгертуді, яғни, көштен қалмай, бірізділік ұстанымдарын сақтап, адами құндылықты өзекті мәселенің бірі етіп, дәрменсіз баланың құзыреттілігін оятып, жаңа буынды жаңа қарым-қатынас ортасында өз өмірін басқару, өзгермелі кезеңдерде өмірлік құндылықтарын жоғалтпау, рухани адамгершілік моральда тәрбиелеуге ықпал етуді бізге үлкен жауапкершілікпен міндеттеуде. Осы орайда балаға білім беріп қана қоймай, оның бойындағы жасырын, тіпті, тереңде жатқан қабілеттерінің оянуына мүмкіндік жасау – заманауи педагог ұстанымы болуы тиіс.
Алға үмітпен талпынған жас ұрпақтың алдында менің де ұстаз ретінде үлкен жауапкершілігім бар екенін сезінемін. Сондықтан менің өзіме қояр талабым, алдыма қойған мақсатым да өте жоғары. Бүгінгі қоғамның да, қазіргі заман мектебінің де сұранысы дәл осындай.
Бүгінгі таңда білім беру саласында 13 жыл еңбек етіп келемін. Бұл аз ба, көп пе, бірақ мен үшін қызықты жылдар. Дәл қазіргі арманым – әлем елдерімен тең дәрежеде білім, білігімен иық тіресе алатын шәкірт тәрбиелеу. Біраз жылдық педагогикалық тәжірибемде бұрын-соңды болмаған білімдегі жаңаша бетбұрыс орын алып, жаңартылған білім мазмұны аясында білім жетілдіру курсына тыңдаушы ретінде қатыстым. Бастапқыда күдік пен күмәнға толы сұрақтар болғаны рас. Десе де заманауи педагогтің рөлі мен миссиясымен таныса отырып, асқан біліктілікпен жұмыс жасау барысында өзгеше көзқарас пен өрлеу сатысына көтерілуге деген құлшынысымды оятты. Бүгінде мен қызмет ететін мектеп тірек-мектептердің біріне айналды. Бұрынғы оқушы — тыңдаушы, орындаушы болса, ал қазіргі мұғалім — бағыт беруші, оқушы — ізденуші. Осындай тұлғаны дамыту үшін ізденіп, оқытудың жаңа тәсілдерін меңгеруім қажет.
Педагог кадрлардың негізгі мақсаты мен міндеттері – сабақ сапасын көтеру, оның түрлерін жетілдірудің жолдарын іздеу, іздене отырып, оқушының пәнге қызығушылығын және танымдық ізденімпаздығын арттыру. Осыған орай мектеп өміріндегі өзекті мәселелердің бірі сабақтың жаңаша оқыту түрлерін дамыту болып табылады. Жас ұрпақты тәрбиелеуде оның бойындағы туа біткен табиғи мүмкіндіктерін дамыту, бағалау, сенім арту, талап ету арқылы жауапкершілікпен жетілдіруге болатынына көзімді жеткіздім.
Жас ұрпақ тәрбиесі, оның жеке тұлғасының жаңаша қалыптасуы, әлеуметтік дүниеге көзқарасы, жалпы болмысы ең алдымен мұғалімге байланысты. Өмір ағымына қарай білім беру жүйесі де күрделі өзгерістерге ұшырады. Қазіргі заман мұғалімі жаңа технологияны меңгеріп, қолданыста кең пайдалана білуі керек. Тек мұғалім болып қана бермей, сол атқа лайық заман талабына сай, білім ордасы мектепті өмір ағымына қарай жетелей білуіміз керек деп ойлаймын. Бала жанын түсіну, оған өміріне қажет білім беру, саналы азамат етіп тәрбиелеу әрбір ұстаздың қоғам алдындағы жауапкершілігі деп білемін. Жаңа қоғамға жаңашыл ұстаз тәрбиелеу мақсатында жаңа міндеттерді жүзеге асырып жатқан дүниелерден үйренгенім көп болды. XXI ғacыр oқушылaры тeхникa қaрқынды дaмып кeлe жaтқaн зaмaндa өмір cүрудe. Oқушылaрды қызықтыру үшін, ocы aғымғa iлece бiлу кeрeк.
Заманауи педагог ретінде жаңа әдістерді қолдану арқылы оқушылардың сыни ойлау және сөздік қорларын байытуым қажет. Менің алдымнан білім алып жатқан әр оқушыны осындай дәрежеге жеткізетін болсам, онда ол келешекте бәсекеге қабілетті, өмірдің қиындықтарынан жол тауып шыға алатын, өз елінің пайдаланбай жатқан байлықтарын ашуға ұмтылатын, білімді көшбасшы болатындығына кәміл сенемін.
Сенеканың «Басқаларды үйрете жүріп, өзіміз үйренеміз» деген нақыл сөзі менің бүгінгі ұстанымыма сайып келгендей және осы жолда көш бастап келе жатқан лектің ұранына айналғандай.
Ойымды қорытындылай келе, Мемлекет басшысының: «Сіздер мен біздер тек болашақ буынды ғана емес, жалпы адамзаттық қадір-қасиеттердің мән- маңызын түсінетін жаны да, тәні де таза, білімді, мәдениетті, патриот азаматтар буынын тәрбиелеуге міндеттіміз», — деген сөзі көкейге ой салады.
Бұл – жаңашылдыққа бағытталған бетбұрыстың бүгінгі келбеті. Осыған орай әрқашан мектебіме жанашыр болып, оқушыларымды да соған жетелеуге тырысамын.
Қиын да қызық, жауапкершілігі мол мамандық иесі атанғаныма өкінген кезім болған емес. Кейде менің осы мамандықты таңдауым заңдылықтай көрінеді де тұрады. Иә, мен мақтанышпен айтамын, мен ұстазбын, жаңа заман мұғалімімін. Сауаттылық арқылы дамып, сауатты білім арқылы үштұғырлы тіл саясатын қолдаушымын.

Серікбаева Саягүл Еркінқызы
М.Жұмабаев атындағы ЖББМ

от Oljas

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Wordpress Social Share Plugin powered by Ultimatelysocial