Биыл Қазақстанның қазынашылық жүйесінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Ақша қаражаттарын тиімді жұмсауды және оның сақталуын қамтамасыз ететін қаржылық орган бюджет жүйесінің бір буыны ретінде мемлекеттік қаржыны басқару жүйесінен лайықты орын ала отырып, бүгінге дейін орасан зор қалыптасу және даму жолынан өтті.
Осы орайда «Нұра аудандық қазынашылық басқармасы» басшысының орынбасары Серикова Жанагүл Төлегенқызын әңгімеге тарттық. Жаңагүл Төлегенқызы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «банк ісі» мамандығы бойынша үздік аяқтап шығып, іргетасы қаланған салада жастайынан таңдаған мамандығының майталманы 32 жылдан артық қызмет атқарып келеді екен.

— Жанагүл Төлегенқызы, елімізде қазынашылық жүйесінің құрылғанына биыл отыз жыл толып отыр. Елімізде қазынашылық жүйесінің дамуы, сондай-ақ қазынашылықтың бастамалары мен жетістіктері туралы айтып өтсеңіз?

-Тәуелсіздік алғаннан бері өз валютамыздың болуы экономика мен мемлекеттік қаржыны реформалау ісінде үлкен рөл атқарды. Осыған байланысты, қаржы ресурстарын жетілдіру және басқару және бюджеттің атқарылуын бақылауды жүзеге асыру мақсатында «ҚР Қаржы министрлігінің Қазынашылығын құру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1994 жылғы 27 қаңтардағы Жарлығымен Қаржы министрлігінің жанынан Қазынашылықтың Бас басқармасы құрылды. Қазынашылық жүйенің қалыптасу процесінде аумақтық қазынашылық басқармасы құрылды. Кейіннен ҚР Қаржы министрлігінің 1995 жылғы 7 ақпандағы бұйрығымен Қарағанды облыстық қазынашылық басқармасы құрылды. Біздің Нұра аудандық қазынашылық бөлімі 1998 жылдың 7 қаңтарында Бюджеттік банк филиалының негізінде Нұра аудандық қазынашылық бөлімі болып ашылды. Осы мерзім ішінде жүйе құру, жаңғыру, жаңа технологияларды енгізу кезеңдерінен өтіп, мемлекеттік қаржыны басқару жүйесінен лайықты орын алды.

-Маңызды міндетті адал атқару барысындағы Нұра ауданы бойынша қазынашылық басқармасының бастамалары мен жетістіктеріне тоқталсаңыз.

-Нұра аудандық қазынашылық басқармасы өз қызметінде жергілікті атқарушы билікпен, мемлекеттік кірістер департаментімен, экономика бөлімімен тығыз байланысты. 2003 жылы бірыңғай ақпараттық ортаны қамтамасыз ету үшін қазынашылық басқармасы жаңа Oracle бағдарламалық ақпараттық жүйесіне көшті. 2012 жылдан бастап аудандық қазынашылық бөлімінде «Қазынашылық-клиент» ақпараттық жүйесін енгізу басталды. Ауданда бұл жүйені толық енгізу 2015 жылы аяқталды. Осы жүйенің арқасында қазір барлық операциялар нақты уақыт режимінде жүзеге асырылады. Ең бастысы, қаржылық құжаттарды өңдеу сапасы жақсарды. Бүгінгі таңда аудандық қазынашылық бөлімі 45 мемлекеттік органға, 1 СКҚ-ға қызмет көрсетеді және қазынашылық АЖ-да мемлекеттік бюджет қаражатын несиелеу және жұмсау рәсімдерін жүргізіп, операцияларды жүзеге асырады. Ең бастысы, мемлекеттік органдар мен қазынашылық шенеуніктердің жеке байланысын барынша азайту да маңызды.

-Қазынашылықтың негізгі міндеттері қандай?

-Қазынашылықтың негізгі міндеттеріне республикалық бюджетті атқару және жергiлiктi бюджеттердің атқарылуына қызмет көрсету, республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы бойынша операцияларды есепке алу, қамтамасыз ету саласында және мемлекеттік мекемелердің қолма-қол ақшаның тиісті бақылау шоттары мен шетел валюталары шоттары, сондай-ақ квазимемлекеттік секторларының субъектілері шоттары, қаржылық және (немесе) қаржылық емес қолдау операторларының шоттары бойынша операцияларды өткізу салаларында басшылықты жүзеге асырады.

-Бүгінде қай салада да кадр мәселесі басты назарда. Сіздердің мамандарыңыз жаңашыл екендігіне сенім мол.

-Біздің жұмысымызды қиын деп айтпас едім. Қазынашылар үшін әр минут қымбат. Қызметкерлерге қойылатын басты талап нақтылық, ұқыптылық, тиянақтылық, қырағылық. Қазынашылықтың іргетасы қаланған алғашқы күннен бастап бүгінгі күнге дейін қызмет етіп келе жатқан тамаша мамандарды мақтанышпен айтуға болады. Қазынашылық органдарының кадр құрамын жас және тәжірибелі мамандарды біріктіру қағидаттарының бірі болып табылады. Бұған дейін 1995 жылдың қазан айынан бастап Нұра ауданындағы жалғыз қазынашы болып Самиға Жүнісбекқызы Мұхамеджанова қызмет етті. Қазір ол лайықты демалыста.
Сондай-ақ қазынашылықтың қалыптасуына өлшеусіз үлес қосып, өздеріне лайықты жас кадрларды тәрбиелеп шығарған Мария Алексеевна Белякова, Күлшат Зекенқызы Абдрахманова, Айман Әбдірашқызы Құлмағанбетова біздің ардагерлеріміз. Бүгінгі күні бар салмақты адал атқарып отырған қазынашыларымыз шағын. Кадр құрамы өз істерін жеткілікті меңгерген, білікті мамандар Б.Н.Бергенова, Н.В.Демиденко, З.Т.Түсіпбекова, А.Н.Өміртайдың аттарын зор мақтанышпен айта аламын. «Үздік қаржы қызметкері» төсбелгісінің иегері «Нұра аудандық қазынашылық басқармасы» тәжірибелі басшы Арман Талғатұлы Кәрібаевтің басшылығымен әр маман өз міндетін мінсіз атқарып келеді.

-Болашаққа бағдар, алдағы күнге қандай мақсат қойып отырсыздар? Төл мерекелеріңізде әріптестеріңізге қандай тілек айтасыз?

-Алға қойылған міндеттерді біз аудандық қазынашылық басқармасының адал, еңбекқор, білікті қызметкерлерінің арқасында ғана жүзеге асырып келеміз. Болашақта Қазақстан Республикасының жаңа Бюджет кодексіне сәйкес цифрлық даму бюджеттік дамуды цифрландыруға, яғни бюджеттік процесс саласындағы ақпараттық жүйелерді құруға және дамытуға негіз болады деп болжаймыз. Сондай-ақ «Қазынашылық-Клиент» АЖ ребрендинг және мүдделі ақпараттық жүйелерді қазынашылық органдарының АЖ-мен интеграциялау арқылы Qazna «eQ» (Қазынашылық экожүйесі) цифрлық жүйесіне өтуде.
-Жаңагүл Төлегенқызы, жүйелі әңгімеңізге рақмет. Халық үшін қалтқысыз еткен еңбектеріңіз жемісті болсын!

Нұрыш Нақыпов

    от Oljas

    Добавить комментарий

    Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

    Wordpress Social Share Plugin powered by Ultimatelysocial