17 ақпан күні Нұра кентіндегі Нұра көпсалалы колледжіне ел азаматы болған Болат Әбдікәрімовтың аты салтанатты түрде берілді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 15 желтоқсандағы № 890 қаулысына сәйкес, «Нұра көпсалалы колледжі» енді «Болат Әбдікәрімов атындағы Нұра көпсалалы колледжі» болып аталады. Оған толық негіз бар.
Болат Әбдікәрімұлы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері және кәсіптік-техникалық білім беру ісінің құрметті қызметкері, Халықаралық ақпараттандыру, Қазақстанның педагогикалық ғылымдар, Ресей кәсіптік білім беру академияларының академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор.
Ол 1939 жылы 17 ақпанда Қарағанды облысы Нұра ауданы Киевка ауылында дүниеге келген. 1962 жылы Қарағанды политехникалық институтын «тау-кен инженері – электромеханик» мамандығы бойынша тәмамдаған. Кәсіптік білім беру саласындағы іс-тәжірибесінің ғылыми негіздемесін жасап, экономика саласы бойынша кандидаттық және педагогика саласы бойынша докторлық диссертация қорғаған. Оның кәсіптік-техникалық білім беру саласы мамандары үшін теориялық-тәжірибелік құндылығы жоғары. «Кәсіптік мектеп және нарық»,«Кәсіптік-техникалық даярлықтың ғылыми негіздері», «Қазақстан Республикасында қазіргі білім берудің теориясы мен практикасы» атты монографиялары мен 13 томдық еңбектер жинағы жарық көрді. Өмірінің соңғы күндеріне дейін С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде қызмет еткен Болат Әбдікәрімұлы өз ғылыми мектебін қалыптастыра білген азамат еді.
Оның жетекшілігімен педагогика саласынан 12 докторлық, 60 кандидаттық, экономика бойынша 4 кандидаттық және бірнеше магистрлік диссертациялар қорғалды. Болат Әбдікәрімұлынан тәлім-тәрбие алған мыңдаған шәкірттер бүгінде тәуелсіз Республикамыздың түпкір-түпкірінде болашақ ұрпақ үшін еңбек етуде.
«Болат Әбдікәрімов атындағы Нұра көпсалалы колледжі» ғимаратында өткен салтанатты жиында ауданымыздың алысқа ұшқан зиялылары, жақсылары мен жайсаңдары, республикамыздың бірнеше оқу орындарының ұстаздары мен Болат Әбдікәрімовтың жұбайы, сыныптастары және қонақтар бас қосты. Меймандарды Нұра ауданының әкімі Аян Тиыштықұлы жүрекжарды қуанышымен қарсы алды. «Болат Әбдікәрімов атындағы Нұра көпсалалы колледжі» директоры Сайран Наскенұлы оқу орнының жетістіктері мен көрікті кабинеттерімен таныстырды. Акт залындағы кездесу ғалымның еңбек жолы мен ғылыми еңбектері, шығармашылығының биіктігін танытқан видео роликке ұласты.
Жүздесу барысында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Нүкенов Абзал Нүкенұлы, Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым Министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Иманғалиев Есенғазы Нұртөлеуұлы, ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Жоғарғы мектебі Ғылыми Академиясының академигі, педагогика ғылымдарының кандидаты, тарих ғылымдарының докторы, профессор ҚР еңбек сіңірген қызметкері «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігі орталығы төрағасының орынбасары Озғанбаев Өмірзақ Озғанбайұлы, Болат Әбдікәрімұлының шәкірті С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университетінің академиялық мәселелер бойынша департаментінің директоры,педагогика ғылымдарының докторы Сарбасова Қарлығаш Амангелдіқызы, Болат Әбдікәрімұлының серіктесі ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облысы мәслихатының хатшысы, педагогика ғылымдарының докторы Сарыбеков Махметқали Нұрғалиұлы, Шахтинск қаласы көпсалалы колледжінің директоры Сәттібекова Әлия Рахымбекқызы, Болат Әбдікәрімұлының сыныптасы Романенко Анатолий Павлович, Болат Әбдікәрімұлының жерлесі филология ғылымдарының докторы, ҚР Парламентінің 4 және 5 шақырылымының депутаты Мамыраев Бейбіт Баймағанбетұлы, Болат Әбдікәрімұлының жұбайы педагогика ғылымдарының докторы Әбдікәрімова Тазагүл Мұқашқызы ғалым Болат Әбдікәрімұлының ғибратты ғұмыры жайлы сыр шертті. Оның ғылым жолындағы еңбекқорлылығы,өз еліне деген шексіз сүйіспеншілігі, жылы сөзі мен мейірімді шырайы, жомарт жүрегі мен ыстық ықыласы, сый-құрметке бірден-бір лайықты азамат екендігі айтылды. Колледж бітіріп шыққан әр маманның бойынан дәл осындай ыстық жүректі, қызу қанды, іскер , адал азаматтар шығатынына сенім білдірген ізгі тілектер айтылды. Ғалымның қарапайымдығы, атақтан бұрынғы адамгершілік қасиеттері тілге тиек болды.
Шара барысында кештің қадірлі қонақтары «Болат Әбдікәрімов атындағы Нұра көпсалалы колледжі» музейіне, колледж кітапханасына естелік сыйлықтары мен ғалымның құнды кітаптарын табыстады. Шырағының сөнбегені, салған ізінің жаңғыра түскені деген осы болар.
Дарынды дара тұлғаның есімі берілген колледж басшылары мен мамандарын, студенттерін шын жүректен құттықтаймыз. Еліміздің кәсіптік-техникалық білім беру ісін дамыту жолына зор үлес қосатын студенттердің түлеп ұшатынына сенімдіміз.
Нұрыш Нақыпова