17 каңтар күні Нұра ауданы ардагерлер кеңесінде ҚР ардагерлер ұйымының Орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, академик Озғанбаев Өмірзақ Озғанбайұлы мен Қарағанды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төреғожин Оралды Тұрсынұлымен кездесу өтті.
Кездесу барысында аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Зарлық Мақсұтов аудан бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар легімен таныстырды. Аудандық ардагерлер ұйымы мен ауыл-ауылдағы бастауыш ардагерлер ұйымының жұмыс барысына тоқталды. Жалпы аудан бойынша 3218 зейнеткер- ардагер бар. Өмірдің түрлі кезеңдерін бастан кешіріп, тәжірибе жинақтаған ардагерлер керегінде ақыл-кеңесші, қажет жерінде жас ұрпақ тәрбиешісі болып отырғанын осы баяндама барысында жан-жақты таныстырылды.
Бірақ өмірде белсенді позицияда болып үйреніп қалған ардагерлер бүгінгі ұрпақтың тәрбиесіне, тыныс-тіршілігіне араласпай отыра алмайды. Сондықтан ұйым ардагерлер алқасының басшылығымен жоспарлы да жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
— Негізінен, барлық жердегідей бізде де жұмыс белсенділікке байланысты. Бұл тұрғыдан алғанда бастауыш ұйымдардың жұмысында оң өзгерістер байқалады. Ең алдымен, ұйымдар өздеріндегі ардагерлерді түгендеуді қолға алды. Зейнетке шыққан еңбек ардагерлерін барынша бастауыш ұйымдарға топтастыру қолға алынды, — деді З. Мақсұтов өз сөзінде.
Ардагерлердің де өз өміріне және ел өміріне байланысты талап, тілектері, мәселелері болып тұруы заңдылық. Осыған орай, ауылдық ардагерлер кеңесінде кезекшілік ұйымдастырылған. Кезекшілер аптаның бес күнінде келген ардагерлерді қабылдап, талап, пікір-ұсыныстарын тіркеп отырады. Сонымен қатар түскен өтініш, тілектер тиісті орындарға жолданып, иелерінің қанағаттанарлық жауап алуларына ықпал етеді.
Аға буын өкілдері жиналған бұл жиын барысында республикалық, облыстық деңгейде жүргізіліп жатқан жұмыстар барысы пысықталды. Аудандық деңгей жұмысы да осы талаптармен қатар жүру барысы қаралды.
Тазагүл ПІШЕНБАЕВА