Нұра кентінде Қарағанды қаласының “Сарыарқа” хоккей командасы ардагерлерімен Нұра ауданының әуесқой хоккейшілерінен құралған “Арлан” командалары арасында жолдастық кездесу өтті.
Нұра ауданы командасының капитаны, аудан әкімі Аян Шалмағанбетов шараның салтанатты бөлімінің шымылдығын ашты. Командаларға сәттілік тілеп, ойын ережесіне сай кездесу өткізуге шақырды. Сонымен қатар Нұра жерінде хоккей ойыны дамып келе жатқанын атай келе, өткен жылы ойын ойнауға хоккейшілердің басын әрең құрсақ, қазірде орта буын, жастар және оқушылардан құралған командалар бар екенін және арнайы құрылған жоспарға сай жаттығу жұмыстары жүріп тұратынын атап өтті. Ал, аудан бойынша құрылысы ағымдағы жылы аяқталатын жабық хоккей корттары осы спорттың дамуына зор үлес қосатынын да жасырмады.
-Біздің «Сарырақа» клубының ардагері осы қыс мезгілінде осымен төртінші мәрте жолдастық кездесу өткізіп отыр. Ақпан айында Абай қаласының ардагерлерімен кездесу өткізу жоспарда тұр,- деді «Сарыарқа» командасы-ның жаттықтырушысы
Константин Спицын.
Салтанатты шара барысында екі команда ойыншылары бір-бірімен естелік сыйлықтарымен алмасты. Аудан орталығындағы «Family Fitness» жетекшісі Бақытжан Оспанов «Арлан» командасына фитнес абонементін табыстады.
«Арлан» командасының ойын алаңында өткен кездесу алғашқы минуттардан тартысты басталды. Мұз үстінде сырғыған шайба кезек-кезек екі команда ойыншылар иелігінде болып, қос қақпаның алдына жып етіп жетіп барғанын көз ілеспес жылдамдықпен барлап тұрған жанкүйерлерге ерекше көңіл күй сыйлады. Жиырма минуттан берілген екі таймнан тұратын негізгі уақыт қорытындысы бойынша ойын 7:7 есебімен аяқталды. Жерлестеріміз ойынды тең аяқтап, әдемі ойын үлгісін көрсетті.
Қосымша уақыт берілді. Мұнда да 8:8 есебімен тұйықталды. Мұнда әр командадан үш-үш ойыншыдан сайланып, қақпашымен бетпе-бет келіп, шайбаны қақпаға соғудың түрлі әдістерін қолданды. Бас төрешінің шешімімен ең бірінші қақпаға соғылған шайбаға дейін деп, тағы қосымша уақыт берілді. Осы кезде біздің әуесқой хоккейшілерден құралған команда қақпасына зу етіп шайбаның соғылғанын көрдік.
Жеңіске бергісіз жеңілістің куәсі болдық.
-Біздің команда мұндай кездесуді алғашқы рет өткізіп отырмыз. Ойын өте тартысты, әрі әділ өтті. Біздің ауданда хоккей ойынына деген бар жағдай жасалып келеді. Әр хоккейшіге арнайы форма алынды. Міне, киіп тұрмыз. Әрине, аудан әкімінің қолдауына рақмет білдіреміз. Ал, ойын мықты өтті. Жігіттер жарады, — деді ардагер хоккейші Қайрат Сенкулов.

Тазагүл ПІШЕНБАЕВА

от Oljas

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Wordpress Social Share Plugin powered by Ultimatelysocial