Нұра кентінде аудан әкімі Бақытжан Мұқанов Халықаралық мүмкіндігі шектеулі жандар күніне арналған шараға қатысты.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясымен бекітілген Халықаралық мүмкіндіктері шектеулі жандар күніне арналып өткізілген дөңгелек үстелге ауданға қарасты ауылдардан келген мүмкіндігі шектеулі болса да, талап, мақсаттары жоғары жандар жиналды.
«Мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдау» тақырыбындағы кездесуде мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар талқыланды. Осы мақсатта алдымен экраннан Халықаралық мүгедектер күнін өткізу мүгедектердің проблемаларына назар аударуға, олардың қадір-қасиетін, құқықтары мен әл-ауқатын қорғауға, қоғамның назарын мүмкіндіктері шектеулі жандардың саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени өмірге қатысуынан алатын артықшылықтарына аударуға бағытталған бейнебаян ұсынылды.
Кездесу барысында аудан әкімі шараға қатысушыларды аудан бойынша осы салада атқарылып жатқан жұмыстар барысымен таныстырып өтті.
Бүгінде Нұра ауданында мүгедектігі бар 1107 мың азамат тұрады, бұл аудан халқының жалпы санының 0,05% құрайды. Ауданда қарттарға, мүгедектерге және мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету, үйде күндізгі күтім көрсету бойынша 1 бөлімше қызмет көрсетуде. Оның қызметінде 102 жалғызбасты қарт, 72 мүмкіндігі шектеулі бала және 601 мүмкіндігі шектеулі адам бар. Оңалту қызметтерінің 521 түрі ұсынылған және мүгедектіктің барлық үш тобының әрқайсысының ағымдағы шоттарына 5000 теңгеден аудару жолымен 5,5 млн.теңге сомасына әлеуметтік көмек көрсетілген. Сонымен қатар оңалтудың барлық құралдары мен қызметтері әлеуметтік қызметтер порталы арқылы ұсынылып отырған көрінеді. Порталдың артықшылығы мүмкіндігі шектеулі жандарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндіруші мен жеткізушіні өз қалауынша таңдауға мүмкіндік береді.
Республика бойынша мүгедектігі бар адамдардың істері бойынша әкімдер кеңесшілерінің институты құрылды. Оның ішінде біздің ауданда аудан әкімінің өкімімен аудан әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Құрман Қайрат Сейлханұлы тағайындалған. Ауданда 2022 жылдан бастап инватакси қызметі жұмыс істейді. Ағымдағы жылы инватакси қызметтерімен мүмкіндігі шектеулі 86 адам қамтылған.
Аудан бойынша мүмкіндігі шектеулі 56 адам спорттық іс-шараларға белсенді қатысады. Аудан бойынша 24 параспортсменіміз облыстық жарыстарда ауданның абыройын қорғап жүр. Облыс бойынша спорттың үш түрі бойынша: тоғыз құмалақ, дойбы және жеңіл атлетикадан біздің аудан жалпы командалық ІІІ орын алған.
Сонымен қатар 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі 27 бала волейбол, футбол, қазақша күрес және үстел теннисі бойынша жаттығуларға қатысады. Кездесу барысында «Мейірімді жүрек әлемнің барлық ақыл-ойларынан гөрі әдемі» демекші, Гүлнар Еслямқызының игілікті ісіне алғыс білдіре отырып, сөз берілді. «Құрмет», “Шапағат” ордендерінің иегері, ауданда қамқорсыз қалған жандарға пана болып отырған, Нұра кенті тұрғындары арасында «Қайырымдылық үйі» аталып кеткен мекеме басшысы өз тәжірибесімен бөлісті. Жеке басының қажыр- қайратының арқасында алға қойған мақсат-мұратына ұмтылуы арқылы жеке ісін ашып және осы бағытта мемлекеттік грант иегері болып отырған іскер азамат Сапарбек Сабырұлы жаңа жылдан қолға алғалы отырған кәсібі бойынша ойын ортаға салды.
«Қазақстанның еңбек сіңірген кітапханашысы» төс белгісінің иегері Жеңіскүл Жақсылыққызы, дойбыдан облыс бойынша жүлдегер, зағип жандар орталығының аудан бойынша белсендісі және қоғамның белсенді мүшесі Гүлнар Қарғабаева, шеберхана ұстап отырған Дос Тулегеновтер мүмкіндігі шектеулі деген – мүмкіндігі жоқ деген сөз емес, керісінше күш-жігерімізді құлшына өмір сүруге жұмсай білуіміз керек деген оймен өмірлерінде кездескен қиындықтарын жеңіп шығу жолымен бөлісті. Қазіргі медицинаға сеніммен қарап, кез келген қажетті тексерулерді өткізіп алмай, уақытында өтудің көмегі зор екенін атап өтті.
Гүлназия Жолдыбайқызы ерекше қомқорлықты қажет ететін баласы Асхаттың жетістіктерін айтып, бағындырған белестерімен бөлісті. Аудан орталығында өткізілген «Разные-равные» сурет конкурсынан жүлделі І орын, облыста өткізілген «Лучик надежды» конкурсында І орын, мүмкіндігі шектеулі балалар арасында өткізілген аудандық «Жан шуағы» атты ән фестивалінде ІІ орын иеленген өнерлі Асхат бүгінгі шарада да әннен шашу шашты.
Кездесу барысында аудан әкімінің «Құрмет» грамотасымен Түсіпбекова Гүлнар Еслямқызы, Иллензеер Олеся Григорьевна, аудан әкімінің Алғыс хатымен Сулейменова Жеңіскүл Жақсылыққызы, паралимпиадашылар арасындағы қазіргі чемпион Каримсаков Нүркен Елеубайұлы, Қарғабаева Гүлнар Алпысқызы, Тулегенов Дос Несипбайұлы, Ескенова Гүлназия Жолдыбайқызы марапатталады.
Сонымен қатар айтулы күнге арналып өткізілген дойбы жарысының жеңімпаздары I орын иегері Пашкова Татьяна, II орын жүлдегері Қарғабаева Гүлнар, III орын жүлдегері Жумагулова Айгүл арнайы сыйлықтармен марапатталды.