Нұра ауданы бойынша ұйымдастырылып отырған «Қостанайға Нұрадан» акциясы әлі де жалғасын тауып келеді.
Ел басына күн туған сын сағатта өрттен зардап шеккен бауырларымызға көмек көрсету мақсатында ел бойынша “Қайырымдылық. KZ” бірыңғай қоғамдық қоры құрылған болатын. Аталған қорға «Шахтерское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Георгий Георгиевич Прокоп мырза 1 000 000 (бір миллион) теңге қаражатын аударса, «Жараспай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Сейілхан Оспанбайұлы Қоңырбаев, «Қайнар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы, аудандық мәслихат депутаты Нығметов Сейітжаппар Алшынбекұлы, “Пржевальское” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Таттыбаев Ықсан Балтабаевич өрттен зардап шеккендерге


500000 ( бес жүз мың) теңгеден қаражаттарын халық игілігіне жарату мақсатына аударды. Нұралық аманаттықтар мен аудандық мәслихат ұжымы бір күндік еңбекақысын зардап шеккендерге көмек ретінде жіберді. Мұның өзі аманаттықтар мен мәслихат ұжымының, кәсіпкерлердің адами құндылығы мен азаматтығын танытып отырған ортақ игі іс.
«Нұра жастар ресурстық орталығы» директоры Талғат Шолтаев Жайлаубайұлының Instaqram парақшасында «Мен Шолтаев Талғат Жайлаубайұлы, «Nura Arnasy» волонтерлық тобының жетекшісі, барша нұралықтарды Қостанай халқына көмек беруге шақырамын. Ақша жинамаймын. Азық-түлік, киімді мына мекенжайға әкеліп тапсыруларыңызға болады», — деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жар салғанын бәріміз білеміз. «Күні кеше ғана жиналған бір тонна ұн, макарон өнімдері, сұйық май, қант сынды азық -түлік пен күнделікті тұрмысқа қажетті ұзақ сақталатын азық-түлік бұйымдарды Астана қаласы «AMANAT» партиясы ұйымдастырған штабына апарып аманаттап келдік», — деп Талғат Жайлаубайұлы ұлтжанды азаматтардың көмегіне ризашылығын білдіріп отыр. Тілсіз жау, өрттен зардап шеккен қостанайлықтардың тағдыры айтып келмейтін қасірет екенін түсінген азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Қашаннан жанашыр қазақтың басына тағы да бір сын сағат туып отырған шақта бар екенімізді, бауыр екенімізді білдіретін тағы бір сәттің кезі келіп отыр, ағайын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын делік!
Нұрыш Нақыпова