Нұра ауданы бойынша 282,6 мың гектар алқапқа тамыз айының үшінші он күндігінде орақ түсті. Бүгінде «Жараспай», «Жұлдыз КП», «Егін мол», «Мирас» серіктестіктері орақ науқанын аяқтап, астығын қамбалап үлгерді.
Нұра ауданы бойынша 244,8 мың гектар алқапқа бидай себілсе, 30,1 мың га арпа, 5,9 мың га сұлы, 1,8 мың га астық қоспасы себілген. Сонымен қатар майлы дақылдар алқабы 5,9 мың га, картоп 1,2 мың га және көкөністер 195 га құрайды.
Жалпы аудан бойынша орақ науқанына 510 дана астық комбайндары мен 184 үйінді дестелегіштер дайындалып, қызмет атқарды. Бұл техникалардың ішінде 2022 жылы сатып алынғандары да бар. Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің алдын ала жүргізген есебіне сай бір комбайн күніне 574 га алқапты игерсе, тәуліктік өнімділік көрсеткіші 12760 га құрайды екен. Техника болған соң сынбай тағы тұрмайды, ауа райы тура қазіргі уақыттағыдай қолайлы болған жағдайда 20-25 күнде орақ науқанын аяқтау жоспарланған.
Сонымен қатар картоп алқаптарында 9 картоп комбайны мен 9 картоп қазғыш құрылғылары қатысуда. Картоптың орташа түсімі гектарына 250 центнер.
Алтын дәнді қамбалауда аудан бойынша жалпы сақтау сыйымдылығы 307,1 мың тонна болатын 167 астық қоймасы бар, бұл қоймалар ағымдағы жылғы астық сақтауды толық қамтамасыз ете алады. Бұдан бөлек сағатына 230 тонна астықты тазартып кептіре алатын 7 астық кептіргіш, 21 астық тазартқыштар жұмыс жасап тұр.
Орақ науқанына деп жеңілдетілген бағамен 5750 тонна дизель отынының 1 литрі 210 теңгеден бөлінген. Бүгінде «RetailTradeOil» ЖШС арқылы диқандар жеңілдетілген бағамен жанар-жағармаймен қамтуда.
Тазагүл ПІШЕНБАЕВА