







Таяуда Жанбөбек ауылының 60 жылдығы атап өтілді. Той дегенде тайлы-тұяғымен дайындықты бастап кететін қонақжай жанбөбектіктер ерте бастан қамданып кеткен болатын. «Тойдың болғанынан, боладысы қызық» дегендей, атқарылатын істің бүге-шігесіне дейін қарастырылды.Тойға шақырту дайындалып, аудан басшылары, бұрынғы ауылға басшы болған қайраткерлерге, көрші ауыл басшылары мен сыйлы қонақтарға шақырту қағаздары ерте таратылды. Жиынды Жанбөбек ауылының имамы Еркін қажы аруақтарға құран бағыштап, жиналған жамағатқа бірлік пен береке, ынтымақ пен тыныштық тілеп бастады. Ауыл әкімі Қ.Ж.Нурушев жиналған халықты мерекелерімен құттықтап, ынтымақтастыққа шақырды.-Біздің ауылымыздың іргетасы 1961 жылы қаланған болатын. Былтырғы жылы карантинге қатысты тойлана алмағандықтан, биылғы жылы туған жердің топырағында аунап-қунап дүрілдетіп тойлауды жөн көрдік. Сағынып көрісіп, құшақ ашқан, мауқымызды басқан керемет той болды деп айта аламын. Сол уақытта Қорғалжын ауылына қарасты болған ауылда халық саны бүгінгі күні бес жүзге жуық. Барлығы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған бірлік пен берекенің жарасқан тойы болды деп айтуға толық негіз бар. Ауыл тұрғындарының бірлігі, қоныс аударып көшіп кеткендер, шаруа-фермерлік қожалықтардың басшыларына, «Жанбөбек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Жақсыбаев Жанбөбек Қабылдаұлына ризашылығымды білдіремін. Ргайбеков Оразбай, Алпысбаев Берік, Нурушев Амангелді, Бимолдин Жангелді, Абдрахманов Серік, Айдаркенов Самат, Қасымхан Бұғыбай, Сұлтанхамитов Нұрболат, Бахтияр Шаймұханбетов,Төлеубаев Мейрам, Абилов Шегендік, Даулетов Сакен, Ерлан Сәтұлы сынды азаматтарға, әкімшілік мамандарына, ауыл тұрғындарына алғысымды білдіремін, — деді бізбен әңгімесінде Жанбөбек ауылының әкімі Нурушев Қайрат Жусупбекұлы. Тойдан бір күн бұрын сырттан келген қонақтарды қарсы алу басталды. Соларға арналып он табақ ет асылып, қонақасы берілді.Тойға арналып төрт ірі жылқы, алты қой сойылды. Орта есеппен мыңға жуық адам болар деген халыққа он алты қос тігілді. Әр қосты әр жылғы туылған азаматтар еншілеп алды, яғни сол қостағы қонақтардың тамағы, күтілуі мен бар-жоғына той соңында жиып-теруге де сол жылғылар жауапты деген оңтайлы шешіл қабылданды. Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы шақыртылған аспаз екі рет палау дайындады. Ауыл тойының сәнін келтірген «Аламан» тобы болды. Шалғайдағы ауыл тұрғындары жұлдыздардың халық және заманауи әндерін тыңдап, өнерлерін тамашалады. Түске қарай балалар күресіне уақыт берілді. 30-40 келі салмақтағы бірінші орынға 30 мың, екінші орынға 20 мың, 3 орынға 10 мың теңге тігілді. 60-70 келі салмақтағы ересектер күресіне 1 орын 50 мың, 2 орынға 30 мың, 3 орынға 10 мың тігілді. 50-60 келі салмақтағы палуандарға 1 орынға 40 мың, 2 орынға 30 мың, 3 орынға 10 мың теңге тігілді. Түйе палуан 1 орынға тай, 2 орынға 70 мың, 3 орынға 50 мың теңге бәйге тігілді. Арқан тарту 1 орын 40 мың, 2 орын-30 мың, 3 орын 20 мың теңге бәйге тігілді. Армрестлинг 1 орын 30 мың, 2 орын 20 мың, 3 орын 10 мың теңге бәйге тігілді. Жиырма екі ат қосылған аламан бәйгені (25 шақырым) Қабанбай ауылынан келген шабандоз алды. Тай, құнан жарыстардан (6 шақырым) баршындық жігіт бірінші келді. Қалың көпшілік боз кілем үстінде белдескен палуандарды көріп, қара күш иесін таныды. Топ жарған Нұр-сұлтан қаласынан келген Сейтенов Жандос түйе палуан атанып, қанжығасына бір тай байлады. Көрерменнің делебесін қоздырған жарыс қостаған дауыстармен көркемделіп жатты. Той соңы ауыл жастарының өнеріне ұласты. Бағдарлама барысында ауыл мақтанышы, қара күш иесі шымыр жігіт Байбек Бауыржанұлы экстрималды ойын түрлерін (тақтайға шеге қағу, темірлерді иіп түрлі фигуралар жасау тағы басқа) көрсетті. Ауыр жүк машинасын тартуы таңдай қақтырды. Ауыл тойының соңы арнайы дайындалған мерекелік от шашуға ұласты. Ауыл жастарының концерті жастардың би кешімен жалғасты. Жанбөбек ауылының 60 жылдық тойы еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін есте қалатындай тойланды. Бірлігі мықты, іргесі бүтін елдің ырзығы мол, ұзағынан болғай!
Нұрыш Нақыпова