Екі шектің бірін қатты,
Бірін сәл-сәл кем бұра.
Нағыз қазақ қазақ емес,
Нағыз қазақ домбыра.
Қадыр Мырза Әлі

Шілде айының алғашқы жексенбісінде Ұлттық домбыра күні аталып өтілді. Ұлттық құндылығымыз домбыраның тарихы қазақ ұлтының тарихымен егіз қозыдай дарып, дамып келеді. Атадан балаға мұра болып қана қоймай, қазақы болмысымызды айқындап тұрған бұл киелі аспаптың тарихына емес, бүгінгі күні жас ұрпақ домбыраны қаншалықты бағалап, осы аспаптың үніне еліктеп өсіп келеді сол туралы ой қозғағым келеді.
«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген, әр отбасының төрінде ілулі тұрған қара домбыраны қолына алып, шерте жөнелетін ұрпақ бүгінде сиреді. Бұған үлкендер біз де кінәлі шығармыз. Алайда осы атадан балаға қалған мұраның бойына жан бітіріп, жас ұрпақты домбыра мектебіне баулып жүрген біздің Кертінді ауылында жанымен, жүріс — тұрысымен, бітім — болмысымен музыка әлеміне берілген, әсіресе, қазақтың қара домбырасына деген құрметті ауыл балаларының бойына жастайынан дарытып жүрген, көпке үлгі Қоқанов Асығат Қасенбайұлы атты азамат бар.
Сонау сексенінші жылдардың соңына таман ауылға Қарағанды қаласының Тәттімбет атындағы музыкалық училищесін аяқтап келген жас маман алғашқы еңбек жолын да осы домбыра үйрету үйірмесінен бастаған. Отыз жылдан астам уақыт ішінде ауыл балаларының басын қосып, өнермен сусындатып, оркестр, ансамбль құрып, өнердің құдіретін, сахнаның киесін бала күнінен танытып келеді.
Бүгінде ауыл балаларынан құралған ансамбльдің өнерін біз, ауыл тұрғындары, сүйсіне тыңдаймыз. Ауылға келген қонақтар балалардан құралған бұл ансамбльдің өнерін тамашалаған кезде, таңданыстарын жасырмайды. Өнерімен сүйкімді болып жүрген балалардың орындауында құдіреті күшті күйді де, әуезді әнді де тыңдауға болады. Мұның бәрі — ұстаздың еңбегі.
Балаларды жастайынан баурайды дедім. Оған дәлел — біздің үйдің еркесі, немереміз Ілияс сегіз жасында барып, қолына домбыра ұстады. Бір жылдың ішінде домбырасын құшақтап жүріп, бірнеше күй, ән үйренді. Сахнада отырған немеремді көріп, қуаныштан жүрегім жарылардай болды. Ұлттық құндылығының қасиетін түсініп өскен баладан елім деген отаншыл азамат өсіп шығатынына мен сенімдімін. Алладан соны тілейміз.
Өнегелі өнерді өрістеткен еңбегіне адал ұстазға отбасының амандығын тілейміз. Шәкірттері мерейін асырып, әрқашан ісі алға баса берсін. Ұлттық өнердің құдіретін түсінген ұрпағымыз мол болғай!

Муханмединдер отбасының
атынан Ілиястың әжесі
Зура Аханқызы
Кертінді ауылы

от Oljas

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Wordpress Social Share Plugin powered by Ultimatelysocial