Балалар жылы аясында Мүтәш Сүлейменов атындағы тірек мектебінің жанынан құрылған жазғы сауықтыру лагерінің «Жайдарлы жаз» тобының балалары ерекше тосынсыйға тап болды. Ол тосынсый — Нұр-Сұлтан қаласына саяхат еді. Оларға осындай қуанышты тарту еткен демеушілеріміз — ауыл азаматтары, жомарт жандар Қамысбаев Ержанат Тұрарұлы мен «Алпыс» шаруа қожалығы Алимбаевтар әулеті болды. Иә, бір күнде әсем қаланы аралап шығу мүмкін емес. Дегенмен, көрмегенге арман болған, көргенге таңдай қақтырған «Бәйтерек» монументіне, Есіл бойындағы Орталық саябаққа, «Ailand» ойын-сауық орталығындағы мұхитаралға саяхат жасаудың өзі-ақ оқушыларға керемет әсер сыйлады. Астананың көркіне қызыға қараған олардың жүздерінен қуаныш пен мақтанышты қатар байқайсыз. Мұхиттан 3000 шақырым қашықтықта жатқан сыйымдылығы 3 миллион литр океанариумда теңіз жануарларының сан алуан түрін тамашалайсыз. Қол созым қашықтықта жүзіп жүрген акулалар бір жағынан үрей туғызса, бір жағынан шынымен көріп тұрмын ба деген таңғалыс туғызады. Алған әсерді сөзбен жеткізу мүмкін емес, оны барып көру керек. «Бәйтеректің» ұшар биігінде тұрғанда балалардың түрлерін көрсеңіз, жүздері бал-бұл жанып, жанарларында нұр, езулерінде күлкі ойнап, бір-бірлеріне тілеген тілектерін айтып естері шығып жатты. Оларға қарап баланы қуанту үшін көп нәрсе керек емес-ау, бабаларымыз қалай дәл айтқан: «Үлкеннің мыңына бергенше, баланың біріне бер», — дегені еріксіз еске түседі. Орталық саябақтағы қыдырысымыз өзінше бір думан. Шаршау дегенді ұмытқан. Шөлдерін балмұздақпен басып алып, келесі аттракционға бет аламыз. Қас қарая қаламен қимай-қимай қоштастық. Осы шараға жетекшілік ете барған Алихан Таласұлы, Әлия Оразбайқызы және осы жолдың авторы мен — Бекболат Ерғалиұлы оқушыларымызға қызыға да сүйсіне қарап, көңіліміз марқайып қайттық. Сапарымызды көлікпен қамтамасыз еткен аудандық білім бөліміне, оны ұйымдастыруға мұрындық болған мектеп басшысы Р.С.Наримановқа, демеушілерімізге ризашылық білдіреміз. Шыжыған ыстыққа қарамай, балалардың еркелігін көтеріп, барлық талап-тілегін қабақ шытпай орындаған Ы.Алтынсарин мектебінің көлік жүргізушісі Аяпберген ағайға алғыс айтамыз. Осынау саяхатты ұйымдастырған барлық жанға ата-аналар тарапынан алғыс қарша бора жатыр. Дендеріне саулық тілеп, еңбектерінің жана беруіне тілек қосуда. Қуаныштары қойнына сыймаған балаларымыз ауылға жеткенше ән шырқап келді.

Аубакиров Бекболат Ерғалұлы,
дене шынықтыру пәнінің мұғалімі.

от Oljas

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Wordpress Social Share Plugin powered by Ultimatelysocial