Денсаулық сақтау саласында адал қызмет ету – жүрек қалауымен ғана атқарылатын іс екеніне ешкімнің дауы жоқ шығар. Жылағанды жұбатып, қиналғанға жылы сөзі мен мейірімін, аялы алақанымен жанашырлық көрсету бұл маман иелерінің басты парызы болса керек. Ақ халатты абзал жандар қауіп пен қатермен қатар жүріп, сырқатты емдеу мен сауықтыру, аурудың алдын алу шараларын жүргізіп отыратыны сөзсіз. Осы бір мазасыз сәтті Нұра аудандық ауруханасының бас мейірбикесі Бекмұхаметова Динара Мұратқызының  қашан да қауырт іс үстінде жүретіндігінен анық байқалады. Оған жүктелген істің салмағы тіпті ауыр. Оған дәлел — жастығына қарамастан, жиырма алты жылдық еңбек өтілінің он үш жылында зертханалық жұмыспен, он үш жылында Нұра аудандық ауруханасының бас мейірбикесі қызметін атқарып келе жатқандығы.  Оған қоса қоғамдық жұмыстары тағы бар. 2018 жылдан бастап Нұра ауданы «Ақ ниет» медициналық қызметкерлердің кәсіподақ ұйымының төрағасы. 2013 жылдан бастап осы уақытқа дейін облыстық медициналық қызметкерлер арасындағы «Шарапат» қоғамдық бірлестігінің мүшесі. Бұл бірлестіктің міндетіне денсаулық сақтау саласында отбасылық қиындыққа ұшыраған жанұяларға демеу болу немесе осы саладағы жеке қызметкерлерге тән істе  кеткен кейбір қателіктерді айқындауға және жағдайсыз қызметкерлерге көмек қол ұшын беру болып табылады. Осы тұста да Мұратқызы  алдына жан салмайтын жан. Шындық пен ақиқатты айқындау мен дәлелдеуде де алда. 

Динара Мұратқызы Ақмола қаласының медициналық институтының медбикелер даярлау факультетін бітірісімен, 1996 жылы Нұра аудандық ауруханасының статистика бөлімінде медстатист болып жұмысқа кірісті. Арада көп уақыт өтпестен 2010 жылы лаборанттық қызметке ауыстырылды. 2013 жылы бас мейіргер болып тағайындалғаннан осы уақыт арасындағы тынымсыз еңбегі зор жауапкершілікті талап етіп отыр. 2003-2006 жылдар аралығында Е.Бөкетов атындағы университетін дефектолог мамандығы бойынша үздік дипломға аяқтады. 2016 жылы Ресейдің Оренбург қаласының мемлекеттік медициналық университетін қашықтықтан оқып, 2020 жылы академиялық бакалавр дәрежесін иеленді.
Тынымсыз жұмыспен бақытты отбасын қатар алып жүруді де реттеген екен. 1996 жылы Қайрат Хамитұлы атты азаматпен отбасын тізе қосып, бүгінгі күні үш баланың анасы болып бақытты дәурен құруда. Үлкен қызы Мадина — Астана қаласында құрылыс компаниясында дизайнер қызметін атқарады. Ұлы Нұрсұлтан — биылғы оқу жылының түлегі. Кіші қызы Адина — мектеп оқушысы. Қоғамдық жұмыстан тыс қалмайтын оның салауатты өмір салтын насихаттауда да алған мақтау қағаздары жеткілікті екен. 2019 жылы облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, халықаралық мейіргер күні мерекесіне орай азаматтардың денсаулығын сақтау ісіне қосқан жеке үлесі мен мінсіз адал еңбегі үшін ҚР денсаулық сақтау министрлігінің алғыс хатымен 2018 жылы марапатталған болатын.
-Осы медицина саласында қызмет атқарған жылдарымның ішіндегі ең қиындығымен есте қалған, ең ауыр кезең 2020 жылдағы наурыз айындағы пандемия басталған сәт. Елдің дегбірі қашып, берекесі безген, үрей мен қорқыныш орнаған мезгіл еді. Нұра ауылына тосқауыл қойылған кез дәл бүгінгідей көз алдымда. Шұғыл шешім қабылдап, елдің саулығын күзету науқаны басталған болатын. Сол уақыт медицина қызметкерлері үшін үлкен сынақ уақыты болды. Дәрігерге де жан керек, сақтық шараларын толық сақтай отырып тосқауылда он адам ел тыныштығы мен амандығын күзеттік. Тәулікке созылған кезекшілікке жастарды бастап үлгі ретінде өзім алға шыққан едім. Ел басына қаншама қиындық туғызған уақыт болды емес пе?! Әлемде орын алған індеттен қорғанудың бірден-бір жолы сақтық болса, басты күш дәрігерлерге жүктелді. Ол кез енді қайтып келмесе екен. Мереке қарсаңында өшкен отты қайта жағып, солған көңілге гүл бітіріп, жүректеріне қуаныш сыйлайтын дәрігерлер, медицина саласы қызметкерлерінің адал еңбегі адам атаулының денсаулық күзеті үшін екенін баса айтқым келеді. Әр дәрігерге отбасылық бақыт, еңбектеріне жеміс тілегім келеді, — деп тілек білдірді. Іске сәт, денсаулық күзетіндегі абзал жандар!

Нұрыш Нақыпова
“НҰРА ТАҢЫ”

от Oljas

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Wordpress Social Share Plugin powered by Ultimatelysocial