Жерлестеріміз сонау Мекке-Мадинаға қажылық сапарға барып келді.  Редакцияға соғылған қоңырау үнінен соң марқайып, жақсы жаңалық иелерін көзбен көруге құштар болдым. Бұл құштарлық – себепсіз де емес. Олай дейтінім, көпшілік сырт көздің пікірінше, Нұра кентінің адамдары суық, орысшаға бейім көрінеді. Шындыққа жанасуы да мүмкін. Амал қанша,  бағамыз осындай болса өкпе жоқ. Мұсылмандардың қасиетті қалаларында болып, жан дүниесі тазаланып қайтқан жандарымызбен тікелей танысып, пікірлесуді жөн көрдім. Кездесуге асығып келген адамым өзіміздің Нұра аудандық ауруханасы емханасының медбикесі Искакова Фарида болып шықты. Шымкент қаласының тумасы, Арқалық қаласының медициналық училищесін «дәрігер-акушер» мамандығы бойынша аяқтаған Фарида Нуралиқызы жиырма алты жылға жуық медицина саласында қызмет атқарып келеді. Игі түсінен иманы төгіліп тұратын ол — өз ісінің маманы. Мамандығы адам жанының қамқоршысы болғандықтан да, қарамағындағы әр науқастың бабын, тілін табуға тырысады. «Кісі күні – кісімен» деген ізгі ниет санасынан еш шыққан емес.

  Қажылыққа бару —  әркімнің де арманы. Алайда сәті түсіп, арманы жүзеге асып жатқандардың көп емес екендігі ақиқат. Ескі таныстай әңгімеміз жарасып, қажылық сапарының қым-қуыт жолсапарын ортаға салды.

-Бүгінгі елуден асқан жасыма дейін  қажылық сапарға бір барып келу бар арманым еді. Ізгі амалға ықыласты адам баласының бес парызының бірі қажылыққа бару деп есептеледі. Осы уақытқа дейін басқа барлық амалдарын орындап келе жатырмыз. Әрі Зиягүл анамды көзінің тірісінде бір апарып келемін деген уәдем де бар еді. Ол уәдем анамның сексен төрт жасқа толған сәтінде ғана жүзеге асты. Жолдасым Искаков Жақсыбай үшеуміз бардық. Алматы қаласынан 7 сағат ұшып, Жидда қаласына келдік. Үш күн Мединада, жеті күн Меккеде болдық. Әл-Харрам мешітіне жүріп кіре бастадық. Бастарымызды төмен салып тәлбиә айттық. Өз көзімізбен Кағбаны көрдік, өз көзімізге өзіміз сене алмай құлшылық еттік. «Иә, Раббым, менің қаншама күнәларым болса да, тіршіліктегі біліп-білмей істеген әрекеттерім болса да маған осы қасиетті жерді нәсіп еттің бе деп өзімізді жазғырып, жаратушының шын мәнінде кешірім иесі, құлыңа қаншама күнәсі болса да кешіруші, кеңшілдік иесісің ғой деп Раббымызға жалбарынып дұға жасадық. Аллаға сансыз шүкірлік болсын». Бұл жерде шын мәнінде Алланың құдіретін, жаратушы екенін мойындайды екенсің. Ол жердегі имани ахуалдың жоғарылығы, бүкіл ұлттың жүруі және бәрінің тек Аллаға ғана сәжде етуі, Аллаға мойынсынуға, шынайы жақсы көруге, Аллаға сәжде етуге себепкер болады екенсің. Ақшам намазын нағыз араб кісі жүргізді. Ана имамның дауысының кереметтігі, әуенінің кереметтігі, мақамының кереметтігі сонша —  артында ұйып тұра бергің келеді. Сүрені ұзақ оқыған сайын онан да ұзақ оқыса екен, қиямда көп тұрсақ екен деп сондай ықылас, құлшылыққа деген құштарлық ояна бастайды. Ондай ықылас, ондай құштарлық кез-келген жерде бола бермейді. Мәруә, Сафа екеуінің арасынан өткенде сағи жасалады. Жан дүниеміз жаңарып, осындай керемет рухани азық алып қайттық.  Ер адам қанша дегенмен табиғатынан қайратты, қажырлы келеді емес пе? Жолдасым әкесі  мен анасының атынан, ағасының атынан, менің әкем мен ағамның атынан жеті адамға умра жасады.  Яғни, солардың атынан қажылықты өтті. Яғни қайтыс болған адамдардың атынан қажылық жасайды. Сол кісінің атынан жасадым деп ниеттеп, тірілердің сауабын, тілеуін тілейді. Осы сапардан түйгенім қажылыққа жастау, күш-қуаты бойында болып тұрған шағында барған дұрыс екен. Әрине, бұл шаршадық дегенді білдірмейді. Ерекше мақтануға да болмайды. Әркім өзі үшін баратыны белгілі. Бұл — жүрекпен тікелей байланысты мәселе. Жүрек сау болғанда ғана адамның иманы артады. Әйгілі сахаба Әли (оған Алла разы болсын) былай: «Жүрегіңіз үш нәрсенің мекені болсын: иманның, үміттің және сүйіспеншіліктің» деген екен. Басты нәрсе қай істе болсын ниеттің түзу болғаны. Жаман ойлардан, түрлі дерттен аман болған жүрек орныққан, тыныштық тапқан жүрек болып саналады. Сондықтан әрбір мұсылманның жүрегіне тыныштық тілер едім…

… Фарида Нуралиқызымен әңгіме барысында Алла жолына, тазалық пен сүйіспеншілік жолына жетелейтін біраз дүниеге көзім жетті. Үлкен ұлы Фархат жиырма алты жасында фәниден бақиға өтіпті. «Қажылыққа өзім апарамын дейтін екен». Артында екі немересі қалыпты. Қанаты үйленген, Сабина есімді жары мен Әли атты немересі бар екен. Бес мезгіл намазын қаза қылмай келсе, Бақдәулеті де осы ниетте екен. Ахаты — үйде, Алтынайы — мектеп оқушысы.

  Әңгіме арасында «ендігі жерде сіздер қажысыздар ма?» деген сұраққа «Умраға барған әр мұсылман қажы болып есептеледі екен. Бірақ мен өзіміз сондай едік деп асырып айтқым келмейді. Алланың алдында адамдардың барлығы бірдей» деген қысқа ғана жауап алдым. Жақсы ниет — жарым ырыс. Адамгершілікті, иман мен сүйіспеншілікті ниет еткен Искаковтар отбасынан өрбіген ұл-қыздары да имандылықты ту етері хақ. Амалдарыңыз оңынан болсын деген ниетпен қош айтыстым.

Нұрыш Накупова

от Oljas

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Wordpress Social Share Plugin powered by Ultimatelysocial