Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды.
Халық өз тағдырын өзі шешетіндей болуы үшін, мемлекеттің ісін барлық өлшем бойынша халықтың өзі айқындайтын жағдай жасау үшін өтетін референдум Ата заңымыздағы реформаларға байланысты 2022 жылдың 5 маусымда өткізілмек.
Президентіміз өзінің туған халқына барынша мол бостандық беруді мақсат етіп отыр. Мемлекет басшысының айтуынша, Конституциялық реформа биліктің өкілді тармағын айтарлықтай күшейтеді, үйлесімді және теңгерімді жүйені нығайтады. Мәслихаттардың ықпалын арттырады. Мәжіліс пен облыстық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың аралас мажоритарлы-пропорционалды моделі енгізіледі.
Аудандық және қалалық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың мажоритарлық жүйесінің толықтай енгізілуі өңірлердің тыныс-тіршілігіне азаматтардың ықпал ету мүмкіндігін арттыруға жол ашады. «Бұл қадам сайлаушылардың көзқарастары мен пікірлерін барынша толық қамтуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Алда болатын референдумда ең басты мәселе — 30-дан астам заң баптарын өзгерту. Бұл жердегі басты тақырып – әділетті Қазақстанды құру. Соның ішінде, заң алдында бүкіл азаматтардың тең дәрежеде болуы, барша ел тұрғындарының бірдей мүмкіндіктерге ие болуы, «Біз Жаңа Қазақстанды бірге өркендетеміз! Әр азаматқа бірдей мүмкіндік беретін әділ әрі дамыған мемлекет боламыз!» — деп атап өтті Президент.
Ата заңымызға референдум арқылы өзгерістер енгізу керек екендігін қолдаймын. Өйткені халық арасында дұрыс пікір, дұрыс әрекет болуы үшін әрбір заңымызды халық өзі қабылдау керек. Референдумға қатысу – ертеңін ойлар елдің ісі.
Бұл референдум әр қазақстандыққа өз пікірін білдіруге мүмкіндік береді. Ел тұрғындары мемлекетті басқару процесіне араласа алады. Референдумға қатысып, ой-пікірлеріңізді ашық айту, қоғамға үн қосу еліміздің жарқын болашағына, жаңа өміріне қадам жасайтын маңызды күн болмақ.
Еліміздің жарқын болашағы – өз қолымызда!
Күлпаш Даукесқызы
«Мағжан Жұмабаев
атындағы ЖББМ» КММ директоры,
аудандық мәслихат депутаты