Өткен жексенбі күні Құланөтпес ауылы әкімі Әліби Әлкеновті ауыл халқы тікелей сайлау негізінде қайта сайлады. Ауыл әкімдігіне үміткерлікке үш кандидат өтініш білдіріп, бақ сынасқан. Алайда ауыл халқының алпыс пайыздан астамы бұған дейін төрт жыл қатарынан ауылда әкімдік қызметті атқарған Әліби Әлкеновке дауыс берген.
Ауыл тұрғындарының сенімінен шыққан әкім Әліби Әлкеновпен жеке сұхбаттасудың сәті түсті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай сайланып, тұрғылықты халықтың аманатын арқалаған ауыл әкімін әңгімеге тарттық.
— Құланөтепес ауылының әкімі болып екінші мерзімге халықтың таңдауымен сайландыңыз. Президент айтқан жаңа Қазақстанды құру жолында тұрмыз. Жоспарыңызбен бөліссеңіз.
— «Бұл ән — бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, халықтың сенімін арқалап, мемлекеттің саясатын жергілікті жерде жүзеге асыратын міндетті қолыма алдым. Негізгі мақсат — тұрғылықты халықтың әл — ауқатын жақсарту. Өйткені қазақ — ауылда өсіп, ұрпағын сол топырақта өрбіткен халық. Құланөтпес ауылының халқының да тұрмысы жер- анамен тығыз байланысты. Ауылшаруашылығы сала-сының егін мен мал шаруашылығын дамыту арқылы күнделікті күнкөрістің есебін айырып келеді, — деп әңгімесін бастаған ауыл әкімі бүгінгі ауылдың ахуалымен бөлісті. Ауыл бойынша егістік алқабы өткен жылмен салыстыра алғанда 4000 гектарға артып, 12 451 гектарды құраған. «Құлан-Өтпес» және «РостАгроГруп» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен қатар 17 фермерлік және шаруа қожалықтары еңбектенуде. Өткен жылдың өзінде ауылға 600 млн теңге инвестиция тартылған. Бұл жерде 40 млн теңгеге «Құлан-Өтпес» серіктестігі екі пәтерлі үй салып, 360 млн. теңгесіне техника паркін жаңартқан, 100 млн теңгеге «РостАгроГруп» серіктестігі және 70 млн теңгеге «Смагулов» шаруа қожалығы ауылшаруашылығы техникасын сатып алған. Ал, «Бекбатыров» шаруа қожалығы 30 млн теңгеге астық сақтайтын қойма салған.
Ауыл халқы таза ауыз сумен толықтай қамтылған. Енді суды әр үйге кіргізу мақсатында жобалық-сметалық құжат әзірлену үстінде. Ауылдың барлық көшесіне жарық жүргізілген. Оны бюджеттің төртінші деңгейі арқылы іске асырған. Бюджеттің төртінші деңгейі дегеніміз — елді мекенге қарасты мүлік салықтары мен бизнес көздерінен түскен салықтан жиналған қаражат. Мұны дербес бюджет деп те атайды. Жаңа сайланған ауыл әкімінің ендігі көздегені — ауыл ішіндегі жолдарды ретке келтіру. Әзірге ауылдың ірі қожалықтарымен келісіп, ауыл көшелерін тегістеу жұмыстарын жүргізуді де жоспарлап, осы жылдың күзіне дейін жүзеге асыруды көздеп отыр.
— Ауыл халқының орташа жасы қандай? Ауылдың дамуына бұл үлкен әсерін бермей ме?
— Ауыл тұрғындарының 60 пайыздан астамы — жұмысқа жарамды азаматтар, 40 пайызы — оқушылар, балалар және зейнеткерлер үлесінде. Соңғы жылдары ауылға көшіп келушілер қатары қалың. Қазір ауылдың жағдайы қалалық жермен теңесіп қалды, бүгінде ұялы байланыстың бір емес, үш түрімен осы Құланөтпесте отырып, әлемнің кез келген жеріне хабарласа аласыз. Заманның талабы деп түсінеміз, бизнеске де, оқуға да ең қажеттісі осы ғаламтор желісі болып тұр ғой,- деді ауыл әкімі.
Айта кетейік, ұялы байланыс көзін де ауылға демеушілерді тарта отырып жүзеге асырған. Ауыл азаматы Айтеев Мустахим Арыстанұлының бұл игі ісіне ауыл халқы күнде ризашылығын білдіруде.
Құланөтпес ауылының тумасы болмаса да, қызмет барысымен осы елді мекенге отбасымен көшіп келген Әліби Әлкенов бүгінде толық орныққан. Тұңғышы Айжігіт ауылдың мектеп табалдырығын аттаса, ағасының соңынан ерген қарындасы Айша мектеп жанынан ашылған шағын орталықта тәрбиеленуде. Ошағының ынтымағын күзетіп отырған өмірлік серігі Перизат Жақсылыққызы үйдің кенжесі Айзеремен декреттік демалыста.
Сауалымызға жауап бере отырып, ауылдың тыныс-тіршілігімен таныстырған әкімге алғысымызды білдіріп, еңбегіне жеміс тілеп, біз де жолға шықтық.
Тазагүл ПІШЕНБАЕВА