«Замандас» вокалдық тобы сахнаға шыққан алғашқы күннен бастап нұралық көрерменін баурап алған.
Сахна төрінде жүрген жылдар ішінде бұл ұжым үздіксіз еңбек пен табандылықтың арқасында жаңаша қырынан танылып, қолға алған өнерді өз биігінде көтеріп келеді.
Мәдениет пен өркениеттің мекені болған аудандық Мәдениет үйінде дүркіреп өткен ән кеші көрерменіне ерекше әсер сыйлады. Осыдан жеті жыл бұрын құрылған «Замандас» вокалдық тобының бұл — алғашқы жеке концерті. Өмірлік мамандықтары өнермен ұштаспаса да, бойларына біткен қабілет, әнге деген махаббат пен құрмет, зейнеткерлік жасқа келген шақта киелі сахнаға жетелеп шығарған ағалар өнеріне көрермендер тәнті.
Сахна төрінен Шәмші Қалдаяқовтың «Құстар әні», «Сен сұлу», «Ана туралы жыр» мен «Сұлу қыз», «Жайдарман» сынды халық әндері, Ә.Бесеуовтің «Армандастар», Несіпбек Айтұлының сөзіне жазылған, Жарылқасын Дәулеттің әні «Қазақ елі», Қадыр Мырзалиевтің сөзіне жазылған, Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім» әндері шырқалып, «Атамекен» әнімен әдемі ән кешінің шымылдығы түсірілді.
Сахна төріне көтерілген аудандық Мәдениет үйінің басшысы Қуаныш Жүнісов өнерпаздар өнерін жоғары бағалап, Алғыс хаттар табыстады. Бүгінде сахнаның сәні болған ардагерлер вокалдық тобының еңбегіне алғыс білдіре, сый-сияпат көрсетті.
— Бүгін жақсы рухани азық алдық. Өзіміздің ардагерлер ұйымының мүшелері сахнадан өнер көрсетті. Ән шырқады. Жастық шағымыздың әуендерін асқақтатты. Ризамыз. Өнерлеріне табыс тілейміз, — деді аудандық Ардагерлер ұйымының төрағасы Зарлық Мақсұтов.
Вокалдық топтың қалыптасу тарихына көз жүгіртетін болсақ, 2015 жылдың күзінде құрылып, сол жылы 16 желтоқсанда сахнадан өнер көрсеткен. Топ жетекшісі аудандық мәдениет үйінің әдіскері, Қарағанды облысы әкімі сыйлығының лауреаты Гүлмира Жакудина. Өнерді құрметтеп, жетекшісінің соңына еріп келген Бертай Канафин, Жаңбырбай Жүпенов, Тілеубай Әділжанов, Еркін Аринов, Жұмағали Ерниязов, Түлкібай Асаиновтар «Замандас» тобының негізін қалаушылар болып тарихта қала бермек. Топ мүшелері өздерімен қатар өнер айдынына келіп, бүгінде бақилық болған Өміртай Нүркеновті ауыр қимастықпен еске алды.
— Мәдениет саласында қызметте жүрген соң, осы саланы жандандыра түсу мақсатында құрылған топ болатын. Алдында топтағы әр азаматпен жеке-жеке сөйлесіп, бірімен көшеде, бірімен телефон арқылы байланысып, мақсатымызды түсіндіріп, өнер шаңырағына шақырған едім. Бүгінде топ мүшелері бір үйдің балаларындай болып кетті. Қалыптасқан мінездері де әр қилы болғанымен, өнер деп соққан жүрек түйістірген ортада сыйластық салтанат құрып тұр. Ал, топтың құрамын кеңейту ойымызда бар. Қатарымызға қосылғысы келетін ардагер ағаларға есігіміз ашық,- дейді жетекшілері Гүлмира Ерғалиқызы.
Бүгінде ауданның мәдени өміріне белсене араласып, көрерменіне рухани азық сыйлап, әсіресе, қатарластарының ұйып тыңдайтын вокалдық тобы облыстық «Ардагерлер ән салады» фестивалінің тұрақты қатысушысы. «Көңілі көктем» ағалар ауданның намысын облыс деңгейінде киелі сахнадан қорғап, абыройын асқақтатып келеді.
Тазагүл Пішенбаева
“Нұра таңы”