Біздің Нұра ауданы — шаруасы өркендеген,  экономикасы дамыған өңір қатарына жатады. Олай дейтініміз — соңғы жылдарда өнеркәсіп,  ауыл шаруашылығы саласында жалпы көрсеткіштер бойынша ілгерілеушілік басым. Бұл туралы аудан басшысы Мұқанов Бақытжан Мылтықбайұлы  өткен жылға қорытынды жасап,  атқарылған жұмыстар легімен бөлісті. Сондай-ақ өңір экономикасын нығайтып,  халықтың жағдайын  жақсарту жолында атқарылған игі істермен таныстырды.   

        Осы тұрғыда аудан әкімімен жүргізген сұхбатымызды қырағы көңіл оқырмандар назарына ұсынып отымыз.

—        Бақытжан Мылтықбайұлы, біздің өңірде ауыл шаруашылығы саласы басқа саламен салыстыра алғанда көш ілгері дамыған. Сондықтан әңгімемізді осы саладан бастасақ. Осы бағытта заманауи тұрғыда  кеңейту барысында қандай жобалар қолға алынды және мемлекет тарапынан беріліп жатқан  жеңілдіктерді шаруалар тиімді пайдалана алуда ма?

—        Ол рас, ауданымызда ауыл шаруашылығы саласы жақсы жолға қойылған.  Осыған орай аудан экономикасының негізін құрайтын саласының бірі болып келеді.

      Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауыл- аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды екенін айта келе,  «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажеттілігін атап өткен болатын. Сонымен қатар бұл бағдарламаның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмай, жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі  заман  талабы екенін атап өткен болатын.

       Осы мақсатта 2023 жылы 375,9 млн теңгеге 24 жеке кәсіпкер мен 11 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі несиеленді. Мұның ішінде 8 кооперативтің жаңадан құрылғаны кәсіпкерлердің болашаққа деген сенімін білдіртсе керек.

        Ауыл шаруашылығын, оның ішінде мал шаруашылығын дамытуда  Солтүстік  Қазақстан облысынан бастау алған ілкімді пилоттық жобаның тиімді тұстарын алудамыз. Осы жоба негізінде инвесторларды сапалы іріктеуді қолға алдық. Соның нәтижесінде, өткен жылы ауданымыздың ең ірі жобаларының бірі сүт-тауар фермасының құрылысы басталды. Ауыл шаруашылық министрі А.Сапарбаев ауданға келіп, Көбетей ауылында құрылысы басталған сүт фермасы жобасының жүзеге асырылу барысымен танысып қайтқан болатын. Бұл жобаны «Рамадан МФ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2024 жылдың 4 тоқсанында іске қосуды жоспарлауда. Бүгінгі күні Германия мемлекетінен Гольштейн тұқымды ірі қара мал сатып алуға келісім-шарт жасалу үстінде. Сонымен қатар аталмыш серіктестікке мал азығын сырттан іздемей, өздері дайындау үшін  700 га жер берілді.  Бүгінде бұл алқапты суармалы егістікке арнап, австралиялық «Bauer» маркалы 7 дана жаңбырлатып суарғыш машинасын сатып алып, іске қосты.

     Мұнан бөлек те, ауданда мал шаруашылығы саласы  тұрақты дамуда. Бұл саланы несиелеу мен субсидиялауға келетін болсақ, 2023 жылы 310 ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер 2 821,6 млн теңге көлемінде мемлекеттік қолдау иеленді. Мұның ішінде тұқым шаруашылығын субсидиялау бойынша 19 шаруа қожалығы 716,1 млн теңге,  өсімдіктерді қорғау  құралдарын субсидиялау бойынша 85 шаруа қожалығы 391,7 млн теңге, минералды тыңайтқыштар құнын субсидиялаудан 16 шаруа қожалығы  884,8 млн теңге, инвестициялық субсидиядан 61 шаруа қожалығы 782,1 млн теңге  көлемінде, мал шаруашылығы бойынша 129 ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер 46,9 млн теңгеге субсидиялық  қолдау тапты.

       — Субсидиядан бөлек, мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласын қолдау барысында беріліп жатқан несиелерге шаруалар қалай қол жеткізуде?

          Ауданға қарасты шаруа қожалықтары «Нұра-Астық», «Сарыбел» несие серіктестіктері мен Аграрлық несие корпорациясынан несие алуда. Осы несие серіктестіктері мен корпорациямен шаруалардың бірлесе жұмыс істеуі арқасында өткен жылы аудандық ауыл шаруашылық техника паркі жаңарды. Тоқталатын болсақ, аудан бойынша  жаңадан 57 дана ауылшаруашылық техникасы алынды. Оның ішінде 40 данасы — тракторлар болса, 6-уы — комбайн, 11-і — тиегіштер. Сонымен қатар 5 егіс кешені, 7 суару машинасы және 33 құрал-жабдық алынды.

    —    Ауыл шаруашылығы саласында ауданның үлкен мәселелерінің бірі — игерілмей жатқан егістік алқаптары. Осы бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде?

     —   Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес халықты жайылым жерлермен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде, 2023 жылы ауылдар мен кенттердің әкімдеріне жайылымдық мал шаруашылығы үшін 121,7 мың га берілді, мемлекеттік қорға  жоспар бойынша 69 мың га жер қайтару керек болсақ,  98,5 мың га жер  қайтарылды, бұл көрсеткіш 142,8 пайызды  құрап тұр.   

    2023 жылы  жалпы ауданы 5,6 мың га жерге  шаруа, фермер қожалығын немесе ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін  жер пайдалану құқығын беру бойынша  конкурстар өткізілді.

      Ал, тура осындай мақсатта  2024 жылға ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жерді тиімді  пайдалану құқығын беру бойынша жайылым және егістік жерлердің  90 мың га алқабына 3 конкурс өткізу жоспарлануда.

    —    Ауыл шаруашылығымен қатар өнеркәсіп саласы да біздің өңірдің экономикасын нығайтып, халықтың тұрмысын жақсарту жолында алар үлесі  мол.  Көмір мен кокс өндірудегі  ілкімді істермен  бөліссеңіз?

     —   2023 жылы ауданда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 217 миллиард теңге болып, ауданның облыс көлеміндегі үлесі 6,2 пайызды құрады. Сонымен қатар,  өткен жылдың қорытындысы бойынша көмір өндіру 15,4 млн тонна,  кокс өндіру  көлемі 233 мың тоннаны құрады.

     Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбаты барысында инвестиция тарту қажеттілігі маңызды міндет екенін айтып, қомақты инвестиция болса, экономика қарқыны үдейе түсетінін және жаңа мүмкіндіктер пайда болатынын атап өтті.

      Жыл басынан бері аудан экономикасына 59,7 млрд теңгеге жуық инвестиция құйылды, 2022 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 15%-ға артты. Олардың 95%-дан астамы — жеке инвестициялар.

       «Шұбаркөл Көмір» акционерлік қоғамының ірі инвестициялық жобасы «Қуаттылығы 400 мың тонна арнайы кокс өндіру зауытының құрылысы» бойынша құрылыс жұмыстары аяқталып, іске қосылды. Жобаның құны  — 60 млрд теңге,  тұрақты жаңадан 184 жұмыс орны ашылды.  

      —  Ауданның экономикалық тұрғыда дамуында шағын және орта бизнестің үлесі қандай?

      —  Тұтастай алғанда, ауданда кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 10 пайызға артып,  1,7 мың бірлікті құрады.  ШОК өнімінің жылдық шығарылымы 39 млрд теңгеден асады, 2024 жылдың жоспарында көлем тағы 2%-ға ұлғаяды деп күтілуде.

     ШОК секторы аудан бойынша жұмыс орындарының шамамен 30 пайызын  қамтып, жұмыссыздықтың алдын алып,  маңызды әлеуметтік міндеттерді орындауда.

       Халықтың әл- ауқатын жақсарту мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыруға 256 млн теңге, оның ішінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 21 млн теңге бағытталды.

      Осы тұрғыда жастар кәсіпкерлігін қолдау біздің жұмысымыздың маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Жастарды қолдауға арналған гранттар саны жыл артқан сайын ұлғайып  келеді. Егер 2022 жылы 12 тілек білдірушінің алтауы 7,3 млн теңге сомасына грант алса,  2023 жылы 37 өтінім келіп түсті және 9 млн теңге сомасына 9 грант мақұлданды. Жастардың өз бизнесін ашуға деген қызығушылығының артуына сай   2024 жылғы Нұра ауданы әкімінің  грант мөлшері 15 млн теңгеге дейін ұлғайды.

      —  Таза ауыз сумен қамту жағы қандай деңгейде?

      —  Мемлекет басшысының сапалы ауыз сумен 100% қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы маңызды мәселе болып табылады.

        Нұра ауданында 37 ауылды елді мекен бар, оның ішінде 25 елді мекен орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. 2023 жылдың қорытындысы бойынша орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділік 95,7%-ды құрады. 2025 жылдың соңына дейін аудан халқының 100%-ы орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жоспарлануда.

       Таза ауыс су мәселесі аудан бойынша Изенді, Жараспай,  Құланөтпес ауыдарында өзекті болып тұрды. 30 жылға жуық жергілікті  ауыл халқының басты мәселесіне айналған іс өткен жылы шешімін тапты. Аталмыш ауылдардың орналасқан жерінің ерекшелігіне қарай таза ауыз суға қол жеткізу өте күрделі болатын. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекбаевтың қолдауымен бұл іс шешімін тауып, биыл бұл ауылдар таза ауыз сумен толығымен  қамтылмақ.

    Теңіз өңірінің Ақтүбек, Нығман ауылдарында ауыл халқы пайдаланып отырған ауыз судың сапасы санитарлық нормаларға сәйкес келмейтін. Осыған байланысты суды тұщыландыру және санитарлық нормаларға сәйкестендіру үшін кешенді блок-модуль орнатылды.    

     Аудан бойынша таза ауыз су жүйесін бақылауда ұстайтын «Қаратал» мекемесінің техникалық базасын толықтыру мақсатында жаңадан МТЗ 920М, жедел бригада үшін «Соболь» арнайы көлігін, «Шансиман» жүк тасығышын және «Стронг 945»  маркалы тиегіші сатып алынды.   Кәсіпорынның су құбыры желілерінің ұзындығы — 342,9 км.  негізгі желілер 2008-2022 жылдары  іске қосылған.

    2023 жылы облыстық бюджеттен бөлінген 138,4 млн теңге сомасындағы қаржыға ауданға қарасты Құланотпес, Ахмет, Тассуат, Талдысай, Қайнар, Көбетей, Баршын, Егінді елді мекендерінде су құбыры желілеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары  жүргізілді.

     —   «Ауыл — Ел бесігі» жобасы аясында тек аудан орталығы емес, ауданға қарасты ауылдардың ішкі жолдары жаңарып қалғанын білеміз. Жол мәселесіне тоқталсаңыз.

   —     Жол мәселесіне келсек, жыл сайынғы аудан әкімінің есептік кездесулері мен облыс әкімінің жеке қабылдауында көтерілген мәселердің бірі осы Нығман мен Құланөтпес ауылдарын байланыстыратын,  аудандық маңызы бар жол болатын.  2015 жылдың көктемгі су тасқынында Құланөтпес, Жаманқон, Жақсықон өзендерінің арнасынан тасуы кезінде Нығман ауылын Құланөтпес ауылымен байланыстыратын осы жолды тасқын су шайып кеткен. 2021 жылы жолдың зақымданған учаскелері қалпына келтірілсе, ағымдағы жылы аталған жолға облыстық бюджет есебінен 100,0 млн. теңге қаржы бөлініп,  толық қалпына келтірілді.  

   «Ауыл – Ел бесігі» ұлттық бағдарламасы аясында ауданға қарасты                        8  ауылдың ішкі жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл — Ахмет, Көбетей, Заречное, Кертінді, Байтуған, Мыңбаев, Тассуат және Алғабас ауылдары. 

      Сондай-ақ, Нұра кентіндегі кентішілік жолдар мен тротуарларды кеңейтіп, ағымдағы жөндеу бойынша  47,8 млн. теңгеге жұмыстар атқарылды.

         Аудан тұрғындарының сұрауы бойынша, Нұра кентінде көлік қатынасы басым Қонаев пен С.Сейфуллин көшелері мен Жауынгер- Интернационалистер мен С.Сейфуллин көшелерінің қиылыстарына  бағдаршамдар және әр көше қиылысы мен көше басына  көшенің аты жазылған 100 дана жол сілтеуші орнатылды.

    Ұзындығы 20 км болатын облыстық маңызы бар  Нұра – Байтуған–Шахтерское  жолының қайта құрылымдау жұмыстары толығымен аяқталып, қолданысқа берілді.

   2024 жылы «Ауыл — Ел бесігі»  жобасы аясында  Изенді және Ақмешіт ауылдарында  197,4 млн теңге сомасына ауылішілік жолдарға орташа жөндеу жүргізу жоспарлануда.

      —     «Үйі бардың – күйі бар» демекші,  азаматтарды баспанамен  қамтамасыз ету мәселесі қалай шешілуде?

     —   Бұл мәселе біздің тұрақты бақылауымызда. Аудан бойынша 415 адам үй кезегінде тұр. 

        2022 жылы басталған Нұра кентіндегі 20 екі пәтерлі жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысы жүруде. Құрылыс материалдарының қымбаттауы себебінен 2023 жылы жоба қайта өзгеріс енгізумен түзетуден өтті. Құрылыс жұмыстарын аяқтауға облыстық және аудандық бюджеттерден 2023 жылы – 780,9 млн теңге бағытталды. Қазіргі уақытта 9 үй бойынша құрылыс жұмыстары толық аяқталып, 2011 жылдан кезекте тұрған 18 отбасына жаңа үйлердің кілттері табысталды.

         «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасы аясында 6 пәтер көп балалы отбасыларға, 20 пәтер халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына, 6 пәтер жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға өткен жылы 259,2 млн теңгеге қайталама нарықтан сатып алынған жалпы 32 пәтер жалға берілді. Жалпы 2023 жылы кезекте тұрған тұрғындарға 50 пәтер кілттері табысталды.

    Бұл бағыттағы жұмыстар биылғы жылы да жалғасын табатын болады.

     Сонымен қатар ауылдық елді мекендерге мамандарды тарту мақсатында әлеуметтік сала және ауыл әкімдері аппараттарының мамандарына әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілді. 2023 жылы барлығы 56 маманға        19,3 млн теңге сомасында көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алу үшін  24 маманға 123,0 млн теңге бюджеттік несие берілді.

      —  Бақытжан Мылтықбайұлы, ендігі жерде әңгімені әлеуметтік салаға қатысты өрбітсек.

     —   Әлеуметтік саланың қуаттылығы — ел тұрмысының жақсылығының көрсеткіші ғой. Бұл сала — халықтың да, биліктің де назарында. Атап айтсақ, биылғы жылы Нұра кентінде екі ауысымды мектептер санын азайту мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 600 оқушыға арналған жаңа мектептің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Жаңа мектептің құрылысы үшін Жауынгер-Интернационалистер саябағы аймағынан 3 га жерді тұрғындармен келісе келе анықтадық.

   Тағы бір жағымды жаңалық,   Нұра кентінде 100 орындық Өнер үйінің  құрылысы жоспарлануда,  бүгінде құрылыстың басталуына 177,2 млн теңге қаражат  бөлінді.

    «Қазақстан халқына» қоры есебінен Ахмет ауылында  құны 180 млн теңге тұратын  спорт залын салу да осы жылдың  жоспарында тұр.

    Аудан орталығында Астана күні мерекесі қарсаңында  «Жастар алаңы»  және «GOWORKING» орталығы ашылып,  жастардың бос уақытын тиімді өткізер  орындарына айналды.

      Аудан орталығы Нұра кенті тұрғындарының сұрауы бойынша, кентішілік автобус тасымалы іске асырылды, бүгінгі күні белгіленген бағдар бойынша кентішілік жолаушылар тасымалданылады. Әрбір тұрғын автобустың  жүру бағытын  көріп отыруы  үшін  бағдарлама орнатылды.  Кенттің әрбір тұрғыны арнайы  сілтемені ашу арқылы автобустың қай жерде екенін біле алады.

     Сондай-ақ аудан тұрғындары арасында жиі көтерілетін мәселелердің бірі – ол Нұра кенті басында сапаржайдың болмауы.  Аудан әкімдігінің сапаржай ашу  жөніндегі бастамасы  кәсіпкерлерден қолдау тауып, ауданымыздың жеке кәсіпкері кент орталығында Эко павильон орнатып, сапаржай ашты. Қазіргі таңда  бұл нысан халық игілігіне толық қызмет көрсетуде.

    Тікенекті, Талдысай, Баршын, Жанбөбек, Құланөтпес ауылдары сымсыз желілермен кең жолақты ғаламторға қосылды,  шешімі табылмай келе жатқан мәселе  облыс әкімінің қолдауымен іске асты. Бұл бес ауылда 300-ден астам аула 30 мбит/сек жылдамдықпен кең жолақты интернетке қосылған, ал жақын арада мектептер, ФАП-тар, клубтар, кітапханалар мен әкімдіктер қосылатын болады. Аудан бойынша интернетпен қамту 91,3 пайызды құрады. Ағымдағы жылы Соналы ауылының тұрғындарын интернет желісімен қамтамасыз ету жоспарлануда.

    Денсаулық сақтау инфрақұрылымын жетілдіру жалғасуда «Ауыл — Ел бесігі» арнайы жобасы аясында  Байтуған және Заречное ауылдарында жалпы сомасы 333 млн теңгеге ауысымда 25 адам қабылдайтын екі фельдшерлік — акушерлік пункттің құрылысы аяқталып,  25 қазан — Республика күніне орай халықтың пайдалануына табысталды.

    Ағымдағы жылы К.Мыңбаев ауылынан  дәрігерлік амбулатория,  Тассуат, Мұзбел, Изенді ауылдарында ФАП және 6 медициналық пункт Шұбаркөл кентіне, Құланотпес, Жанбөбек, Қарой, Құланұтпес, Алғабас ауылдарында  салуды  жоспарлап отырмыз.

    Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстар жандана түспек. Президенттің халықтың тұрмысын жақсарту жолындағы тапсырмаларын орындау  — біздің, мемлекеттік сала мамандарының міндеті.  Басты мақсатымыз — халықтың билікке деген сенімін арттыру.

—        Әңгімеңізге рақмет, Бақытжан Мылтықбайұлы. Алдағы жұмыстарыңызға да сәттілік тілейміз!

Тазагүл Пішенбаева

от Oljas

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Wordpress Social Share Plugin powered by Ultimatelysocial