Нұра кентінің іргесі Қарой ауылындағы шебер қыз Тютюкова Жұмагүл Байзуллақызы ашқан «Інжу» құрақ көрпе ательесінің ашылғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Десе де шамалы уақыттың ішіндегі тапсырыстар көлемі ауыз толтырарлық-ақ. Апасы Гүлжанат пен Әсел келінінің мойнына артар жүк салмағы да аз емес. Туа біткен есту-сөйлеу бұзылыстары бар қыздардың бойында ісмерлікке деген құштарлық әуелден-ақ болған.
Біз келгендегі мұнтаздай таза ателье ішіндегі көрпе жастықтар әдемілігімен баурап әкетті. Түсі, түрі, көлемі әртүрлі бұйымдар бірінен-бірі өткен әдемі. Ұқыпты тігілген көрпешелер хас шебердің қолынан шыққаны көрініп-ақ тұр. Негізінде істің басын құрап, ісмерлікті заңдастырумен қатар конкурсқа қатысуға ниет етіп отырған келіні Сандыгулова Әсел Манатқызы.
Бастауыш сынып мұғалімі Ә.Манатқызы істің мәнін былай тарқатты: «Негізінде, іс тігу апаларымыздың бойында баяғыдан келе жатқан әуестіктері.
«Бөрігің заманыңа сай болсын» деген қазақ емеспіз бе. Жұмагүл апам бұған дейін «Бастау- бизнес» бағдарламасы бойынша оқу оқып, сертификат алды. Сосын кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясындағы грантқа қатысты. Нәтижесінде, өтеусіз 1 миллион 225 мың теңге грант ұтып алды. Осы пұлға арнайы кәсіби екі іс машинасын сатып алып, Гүлжанат әпкем де тігіншілікпен айналысып келеді. Өзім «Қыз жасауы» онлайн курсын тәмамдап, ісімізді жүргізіп отырмыз. Менікі тек бағыт-бағдар беріп көмектесу, маталарына тапсырыс беру, таңдау, алдырту ғана», — деді.
Құрақ құрау үшін ең алдымен қажетті материалдардың дұрыс таңдалуы тиіс. Олардың түрі, түсі матасына қарай сұрыпталады. Мата түсінің ашық болуымен қатар оған қондырылатын матаның бір-бірін ашып үйлесіп тұруы, бірыңғайлылығы басты шарт. Құрақ – шыдамдылық, төзімділікпен қатар дәлдікті, нақтылықты қажет ететін іс. Әр істің өзіне тән машақаты да болатыны рас. Бұл орайда маталарды қаладан арнайы аралап жүріп таңдап алуға мүмкіндік жоқ. Ол үшін көлік керек деген сияқты мәселе. Сол себепті маталар мен жіптерін тапсырыс беріп алдыртатынын білдік. Ұлттық нақыштағы төсеніш көрпенің ені мен ұзындығы,түрі мен түсі тапсырыс берушінің талабына сай орындалады екен. Көбінесе оюдың әр түрімен безендірілген құрақ төсеніш пен ұлттық ою-өрнекті құрақ жастыққа, қыз жасауына тапсырыс көп. Әр тапсырысты уақытында, сапалы, қарасаң көз тоймайтындай етіп дайындауды міндеттеріне алып отырған ісмер апалы-сіңлілі шеберлердің дайындаған өнімдері бірінен-бірі өткен әдемі. Іштегілерін ашық-жарқын айтпаса да, өз істеріне деген ыстық ықыластары мен құштарлықтары жанарларының жарқылынан білініп-ақ тұрды. Сөредегі тігіліп дайын тұрған төсекшелерін жайып салғандағы жанарындағы оты, қуанышы өздерінің кешегі күндерін ұмыттырғандай. Ел алдына алып шыққан қолөнер шеберлерінің ісі әспеттеуге тұрарлық. Мүгедектігін сылтау етіп мүсіркеуден аулақ Жұмагүл мен Гүлжанат Тютюковалар — бұл өнерді терең меңгеруге бет бұрған. Әрі адал келіндері Әселдерінің де еңбегі бұл істе мол. Әр қазақ үйінің төрінде төселген құрақ көрпе бұлардың қолөнерінің жемісі іспетті. Зерігетін уақыты жоқ жандарды мүкіс деуге аузың бармайды. Әзірге атқаратын шаруа жеткілікті. Ендеше, іске сәт!
Нұрыш Нақыпова
“НҰРА ТАҢЫ”